Ресейдегі дін  және  саясат

/uploads/thumbnail/20180326151323546_small.jpg

Қазіргі постмодерндік заманда  дін мен  сенім уақыт  тынысын, дәуір  квинтэссенциясын  көрсетеді. Дәстүрлі  және дәстүрден  тыс  діндер арақатынасы, мазхабтық және  мазхабсыздық ,діндарлық  пен әсіре  діншілдік,теизм  мен  атеизм,экуменизм  мен діни  фанатизм   заманның  шынайы  мәнің  айқындаушы ұғым-түсініктерді  айқындайды.Қоғамның  діни  өмірін  саяси-құқықтық реттеудің  жаңа моделінің  қалыптасуына  жаһандану  үдерісінің  ықпалы  бар  екендігі  қазіргі  өзгермелі уақыт көрсетіп отыр.Қазіргі постиндустриалды және  постсекулярлы  әлемде діннің мемлекетпен,экономикамен,құқық,білім  беру,денсаулық сақтау,әскер,БАҚ,ішкі  және сыртқы саясатпен  қатынасы өзгерді. Заманауи  батыс  мемлекеттері негізінен-либералды батыс демократиясының  моделіне  сүйенеді.Либералды  құндылықтар экономика,саясат,мәдениет,білім,дін яғни  қоғамның барлық  салаларын  қамтиды.Мемлекет  және дін  қатынасына  ықпал етуші факторлар мемлекетттік  құрылыстың  тарихи  қалыптасу және даму жолдары  мен  кезеңдік  ерекшеліктері,,қоғамның діни және ұлттық  құрамы, діннің  қоғам мен  ұлт  өміріндегі орны,қоғамдағы діни мәдениет пен діндарлық деңгейі,әлеуметтік  топтардың дінге  қатынасы,діни  мінез-құлық  және  көрші  елдердегі мемлекет  пен  дін  қатынасы айқындайды.Дін  саласындағы  мемлекеттік  саясат  ұстанымының  өткенгі  және  бүгінгі ерекшеліктері  мен  өзгерістерін , ішкі  және  сыртқы  факторлардың мемлекет  пен  дін қатынасын ықпал-әсерін кешенді түрде  зерттеген  жөн.Заманауи  әлемдегі  алпауыт елдер және  аймақтық  көшбасшы  елдердің  мүдделерінен  туындаған діни  жобалардың мақсатын  айқындау  үшін елдегі саяси-діни негіздегі оқиғалар  мен діни  ахуалдағы  жаңа  үрдістер кешенді зерделенуі қажет.

 

РФ  конституциясының  14  бабында  ресей-зайырлы  мемлекет, ешбір дінге мемлекеттік  және міндетті  мәртебе берілмейді деп  көрсетілген.28 бапта әркімге ар-ұждан және діни  сенім бостандығы берілген,мемлекеттік және қоғамдық,жеке меншік  білім беру ұйымдарында діни ілімді оқытуға жол берілмейді деп  айқындалған.  1997 жылы   ресейде ар-ұждан бостандығы  және діни  бірлестіктер  туралы  заңы  қабылданды. Заңның  кіріспесінде  православияның  ресей  тарихы,мәдениеті  мен  руханиятының  қалыптасуы  мен  дамуында  айрықша  рөлін  мойындайтыны, ислам,буддизм,иудаизм және  басқа  да  діндерді  Ресей  халықтарының  тарихи  мұрасының  ажырамас бөлшегі ретінде құрметтейтіндігі  атап  көрсетілген. XX  ғасырдағы Ресей мемлекеті тарихында маңызды оқиға 1917 патриархаттың қайта қалпына келуі  болатын. Қазан төңкерісінен соң 1918 жылы  ақпанда  халық  комиссарлар кеңесінің шіркеудің  мемлекеттен және мектептің шіркеуден бөлінуі  туралы  декреті кеңестік жүйенің мемлекет және  дін  қатынасын  айқындаған  негізгі  іргетас  болды.Шіркеу заңды тұлға мәртебесінен  айырылды. Бұл ұстанымның  кейбір белгілері  посткеңестік  мемлекеттердің  дін  саласындағы  мемлекеттік  саясатында  ықпалын  сақтаған.Кеңестік  кезеңде1943 жылы патриархат орыс православ шіркеуі  ресми атауына ие болды.1988 жылы Кеңестер елінде ежелгі Киев Русінің шоқынуының 1000 жылдық мерейтойы ресми атап өтілді. Посткоммунисттік Ресейде   1991 жылдан ОПШ заңды тұлға мәртебесіне ие болуы  бұл  ресейдегі  мемлекет және  шіркеу қатынасының жаңа кезеңің  айқындап берді. 1990 жылдың соңына  қарай  ОПШ қоғамдық  және мемлекеттік өмірге  ықпалының  біртіндеп  күшеюі байқалады.Ресей  билігі орыс халқының  ұлттық санасын  күшейту  мақсатында  православияның  рухани беделін тиімді қолдануды  көздейді және православияны ресей қоғамының саяси және рухани бірлігінің  тірегі ретінде  қарайды.Православиялық ілімде діни және зайырлы биліктің симфониясы туралы концепция бар.Мемлекет шіркеудің ішкі  ісіне,әсіресе діни ілім мәселесіне араласпайды,ал шіркеу мемлекеттің зайырлы өмірін қадағаламайды.Мемлекет пен шіркеу өз мақсаттарын  дербес айқындайды,ал қажет болғанда бір-біріне көмектеседі. Маңызды мемлекеттік іс-шаралар патриарх және дінбасыларының қатысуымен  өтеді.2018 жылы  ақпанда ресей  үкіметінің  басшысы патриарх Кириллді интронизациясының  9 жылдығымен  құттықтау  барысында мемлекет  пен  мәскеу патриархаты қарым-қатынасында  симфония(грек.келісім,үндестік) бар деп  атап  көрсетті.

Бұл ұстаным билік пен ОПШ арасындағы үйлесімді әріптестіктен байқалады. 1993 жылы Қасиетті Синод дін қызметкерлеріне депутаттық қызметке үміткер ретінде тіркелмеуге шешім қабылдады. Бұл шешімді бұзған дін қызметкерлері лауазымы мен діни атағынан айрылады. Сондай-ақ ТМД елдеріндегі билік органдарына сайлануға қатыспау туралы айтылады. 1994 жылы ОПШ Архиерей Соборы Синод шешімін мақұлдады. 2000 жылы қыркүйек айында ОПШ Архиерей Соборы ОПШ әлеуметтік концепциясының негіздерін қабылдады. Бұл концепцияда мемлекет- шіркеу қатынастары және заманауи қоғамдық маңызды мәселелер төңірегінде діни ілім негіздері баяндалады. Атап айтсақ, негізгі богословиялық мәселелер, шіркеу және мемлекет, христиандық этика, зайырлы құқық, шіркеу және саясат, еңбек және еңбек өнімдері, соғыс және әлем, қылмыс және жаза, отбасы, қоғамдық әдеп, тұлға және халық денсаулығы, биоэтика мәселелері, зайырлы ғылым, мәдениет, білім беру мәселелері, шіркеу және зайырлы БАҚ, халықаралық қатынас, жаһандану және секуляризм мәселері қамтылған. Архиерей  соборы  ОПШ  жарғысына  сай  2009  жылдан шіркеудің ең  жоғарғы  органы болып  табылады.Архиерей  соборы  төрт жыл сайын  өткізіледі.2017  жылы қарашада  патриарх Тихонның  интронизациясының 100 жылдығы  мен  Ресейде  патриархтықтың  қалпына  келуінің  100 жылдығына арналған  ОПШ  архиерей  соборында епархияларды  басқару,шіркеу  және мәдениет,ақпараттық жұмыс,ОПШ  канондық жауапкершілік  елдеріндегі мемлекет пен дін,қаржы  және шаруашылық,діни білім мен  тәрбие,миссионерлік  мен  монахтық,неке мен отбасы,әлеуметтік және қайырымдылық қызмет,жастар  арасындағы  миссия,теологиялық білім беру,таяу  шығыстағы  христиандардың  қудалануы,халықаралық қатынас мәселелері қозғалды.Архиерей  соборына 22 елден  келген 377  дінбасылар қатысты. Архиерей  соборы шоқыну  құпиясынан кейін үштен  артық  некелесуге,православтардың  православ  еместермен  некесін қиюға,бір  жыныстылардың  және  гейлердің  некесіне,асырап  алған  ұлдары мен  қыздарына  үйленуге тыйым  салды. Ресейдің  заманауи  тарихында  алғаш рет  мемлекет  басшысы құтқарушы Христос ғибадатханасында болған архиерей  соборына келіп  сөз  сөйледі. Бұрынғы  жылдары  ресей  басшысы  архиерей соборының  қатысушыларымен  кремльде  кездесетін.РФ басшысы бүгінде  мемлекет  пен барлық дәстүрлі  діндердің  әріптестігі  мен  біріккен  жұмысы  қажет  екендігін  айта  отырып,мемлекеттің  зайырлы  сипатын  сақтау  керектігін ,бірақ зайырлылықты  қарадүрсін,тұрпайы  түсінуден сақ  болу  қажеттігін  атап  көрсетті. «Бүгінгі  ресейде  және мәскеу  патриархаты жауапкершілігіндегі  елдер мен түрлі  құрлықтағы  отандастарымыздың  арасында ОПШ айрықша  миссия атқаруда.ОПШ  халықтар және  мемлекеттерді  парасатты  сөзі және  ісімен жақындастыруда  және миллиондаған  орыс әлемінің  бірлігін  нығайтуда»-деп қоғам  мен  мемлекет  үшін  ұлтаралық  бірлік  пен  дінаралық  үйлесімнің  маңыздылығына  тоқталды[1]. 2018 жылы  РФ  президенті  «Валаам» деректі  фильміне  берген  сұқбатында  коммунистердің В.Ленин  мүрдесін  қастерлеуі христиандықтағы әулиелердің киелі заттарын қастерлеуімен ұқсастығын  және інжілдің  коммунизм  құрлысшысының  моралдық  кодексімен сәйкестігін  атап  көрсетті.Коммунизм құрлысшысының моралдық  кодексі 1961жылы өткен СОКП XXII съезінде қабылданған  болатын.

Ресей  билігі ОПШ  беделін ұлттық  бірегейлік  пен рухани  тұтастықты нығайтумен  бірге, ішкі  тұрақтылықты  сақтауда  және  халықаралық  қатынас  жүйесінде  тиімді  пайдалануды  қалайды.Орыс  әлемі  жобалық идеясының діни  астары  бар екендігін айта  кеткен  жөн.ОПШ  басшысы  архирей  соборына  қатысушыларына біздің  күшіміз  бірлікте  деп  ой  түйіндеді[2].Христиан  дүниесінде  ықпалы   мен  беделін  нығайтуды  көздеген  ОПШ  ішкі  шіркеулік  дау-дамайларды жұмсақ  және  оңтайлы  шешуді  қалайды. Антиохия  және  бүкіл  шығыс патриархы  X  Иоанн сөзінде біртұтас  православ  шіркеуі Сирияның  бірлігін сақтауға  және  христиандардың  туған  жеріне  оралуына қолдағы  мүмкіндіктерді барынша қолдана  отырып,қиратылған  шіркеулер  мен  монастырларды  қайта  қалпына  келтіруге шақырды[3].

Архиерей  соборында мәскеу патриархаты украин православ  шіркеуінің  басшысы  митрополит  Онуфурий  өтініші бойынша   МП украин православ  шіркеуінің  дербес мәртебесі  ресми  мойындалып,украин  православ шіркеуінің басқару орталығы  -Киев қаласында болатындығы бекітілді,ал  мәскеу патриархатының  жарғысында МП УПШ  жеке  бөлім  берілді.2017 жылы 30 қарашада мойындалмаған  киев  патриархатының  басшысы Филарет(Денисенко ) МП  басшысына  жазған  хатында екі шіркеу арасында  евхаристиялық және  құлшылық  қатынасты  қалпына келтіруге  және  татуласу  мен  сұқбатқа шақырды.Осы хатқа  орай,архиерей  соборы  арнайы  комиссия  құрды.Алайда,2017 жылы 1 желтоқсанда  өткен  баспасөз  конференциясында  киев патриархы Филарет КП  УПШ автокефалдығын  сақтайтындығын  және   мәскеу  патриархатына  қайта  оралмайтындығын  жариялады.2018 жылы  қаңтарда киев патриархы  Филарет  апостольдық  ереженің  34 бабына  сай  әр халықтың  өз епископы және тәуелсіз мемлекеттің  автокефалды  дербес шіркеуі болуы  тиіс деп  көрсетті. [4]. 1997жылы  мәскеу  патриархаты киев митрополиті  Филаретке  бөлінушілік  әрекеті үшін  анафема  жариялап,лауазымынан  айырған  болатын.

2017  жылғы  деректер  бойынша,  ОПШ  канондық жауапкершілік  аумағындағы елдердегі  ғибадатханалар  саны-36878 ,  діни  академиялары мен  семинарияларының саны-56.Қазіргі  уақытта ОПШ  жылына 1340 жаңа  ғибадатхана   салады.ОПШ  құрамында 462 ерлер және 482 әйелдер  монастырлары  жұмыс  жасайды.ОПШ  епархияларының саны-303.ОПШ  штаттық  дін  қызметкерлерінің  саны-39414.ОПШ  епископатын 377 архиерейлер құрайды.Алыс  шет елдерде ОПШ  900 приходтары  мен  монастырлары  жұмыс  істейді. Мәскеу қаласында ОПШ қарасты 1000  жуық ғибадатхана бар . 1994  жылы  РФ қарулы күштері  және ОПШ арасында  өзара іс-қимыл  және  әріптестік  туралы  келісімге  қол қойылды.2012 жылы алғашқы  полк дін  қызметкері(капеллан)  штаты пайда  болды.2015 жылы  қорғаныс  министрлігінің әскери  училищесін алғашқы дін  қызметкерлері  бітіріп  шықты.  Әскери  дін қызметшілерінің  міндеті  діндар  жауынгерлердің діни сұранысын өтеуге  жәрдемдесу. Үш жыл  сайын әскери  дін қызметкерлер бір айлық біліктілік жетілдіру  курсынан өтеді.РФ қорғаныс  министрлігінің  әскери  университетінде  және бес  әскери оқу орындарында дін қызметкерлеріне арналған  біліктілік арттыру курстары  бар.

Социологиялық зерттеулер  дерегіне  сүйенсек,ресей  әскері жауынгерлерінің  71%-православ  дініңе  сенеді.

2009  жылдан Ресей күштік құрылымдарында штаттық негізде 176 әскери  дін қызметкерлері (капелландар),шттаттан  тыс  негізде 773 әскери дін  қызметкерлері жұмыс істейді,жазасын  өтеу  орындарында  1019  пастырлар  қызмет  жасауда.2013  жылдан  Синодтың  миссионерлік бөлімі  шығыс  сібір,қиыр шығыс епархияларына 141 миссионер  жіберген.Православ  дін  қызметкерлері  ғарыш кемелері  мен әскери техникаларды аластау  және  маңызды  мемлекеттік  іс-шараларға  бата беруді  дәстүрлі  түрде  жүргізеді.Ресейде  шіркеулік  сананың  модернизациялануы  және  православияның заманауи  қоғамдық-саяси  өмірге белсеңе қатысуы мемлекет  және  шіркеу  қатынасының  нақты жағдайға  сай  өзгеруін  көрсетеді.2013 жылдан ОПШ дінбасылары ресей парламентінің қос палатасында  рождестволық  оқулар аясында кездесулер  өткізеді.2013 -2017  жыл  аралығында ОПШ 35 заң жобасына түзетулер мен толықтырулар  еңгізуді  даярлаған.Рождество және  пасха мерекелеріне  мемлекет  және  қоғам  қайраткерлерінің  қатысуы  федеральды телеарналардан көрсетіледі.

 2017 жылы  наурызда Ресей  президенті  орыс  православ  ескіғұрыпшылдық  шіркеу  басшысы  митрополит Корнилиймен  кездесті.Бұл  ресми билік пен  ескіғұрыпшыл шіркеу  басшысының  350  жылдан кейінгі  кездесуі.Кездесу  барысында  протопоп Аввакумның туылғанына 400 жылдық  мерейтойлық  іс-шаралар дайындық жобасына қолдау көрсетілетіндігі  келісілді. Протопоп Аввакумды  ескіғұрыпшылар сенімі үшін   азап  шеккен әулие деп құрметтейді.Ескіғұрыпшылар  өз ілімің ақиқат православия  деп санайды.2017 мамырда  ескіғұрыпшылдық  шіркеу  тарихында  350  жылдан соң ресей басшысы Рогож слободасындағы  ескіғұрыпшылдардың  діни  орталығына  келді.Ресей  басшылығы православтық дәстүрге мемлекеттіліктің тарихи және  рухани  тұғыры ретінде  қарайды.Ресей  басшысының  Ново-Иерусалимский ,Рождество-Богородичный және Сретень ерлер  монастырларының  хал-ахуалымен  танысуы  православтық  рухани дәстүрдің  маңызына  көңіл  бөлетіндігін көрсетеді.Ресей ескіғұрыпшылар шіркеуі  басшысы митрополит Корнилий  түрлі мемлекеттік салтанатты  іс-шараларға  қатысады. Митрополит Корнилий РФ  президенті  жанындағы діни бірлестіктермен байланыс  бойынша  кеңестің мүшесі. Ресей ескіғұрыпшылар шіркеуінің  ТМД  және  шет  елдердегі  ескіғұрыпшылдармен  қатынасы орнығып орыс  қоғамында ескіғұрыпшылдық қайта  жаңғыруда.Билік православтық  мәдени және  діни кеңістікті  бірыңғайландыру  жолымен  біріктіруге  назар  аударуда.

Мемлекет  пен  дін  қатынасының бір  қыры бұрынғы  кеңестік  биліктің тәркілеген  шіркеу мүліктері  мен меншіктерін  қайтару  мәселесі қоғамдық  пікірде айтыс-тартыс тудыруда.2010жылы қарашада  Ресейде №327 «Мемлекеттік немесе  муниципиалды  меншіктегі  діни  бағыттағы  мүліктерді діни  ұйымдарға  беру туралы » федералды  заңы қабылданды. 2016 жылы ақпан айында Санк-Петербург билігі ОПШ келісімімен Исаакия мұражай кешеніне кіретін Смольный және Сампсон соборларын ОПШ басқаруына беру  туралы шешімі  қоғамдық  пікірде  дау-дамай  тудырды. 2016 жылы Санкт-Петербург мэриясы  Исаакия Соборына қарайтын төрт объектіні ОПШ 49  жылға  беру  туралы келісімге  келген болатын . 2016  жылы қарашада симфереполь  және  кырым епархиясының Тавриялық Херсонес қорық мұражайының 24 объектісін шіркеуге беру туралы  өтініші орыс қоғамында пікір-талас тудыруда. Қырым және Симферопол епархиясы бұрын Владимир ерлер монастырына тиесілі болған  Тавриялық Херсонес қорық мұражайын өзіне қайтару туралы Ресей мүлік комитетіне сұраныс жасады. 2013 жылы ЮНЕСКО мәдени мұралар тізіміне енгізілген қорық-мұражай кешені аумағында Владимир соборы орналасқан. 2004 жылы Мәскеу қаласындағы РМГУ тарих-мұрағат институты және шіркеу арасында ғимарат үшін талас туған болатын, сот шешімімен ғимарат ОПШ меншігіне берілді. 2018жылы қаңтарда РФ  қоғамдық  палата мүшесі  мәскеу  қаласының  мүфтиі  Дондағы Ростов  қаласы  мен Стравополь өлкесінде  бұрын  мешіт болған ғимараттарды  мұсылман діни  басқармасына қайтаруды  сұрады.

Бүгінде  Ресейдің  40-қа  жуық білім беру  орындары  мен ғылыми орталықтарында дінтану бөлімдері  жұмыс жасайды. 1996  жылы ММУ-де дінтану  мамандығы  ашылды.  2006 жылы Ресейде  дінтану оқытушыларының  қауымдастығы құрылды. 2001  жылы  мәскеу  мемлекеттік   жол  қатынасы  университетінде теология  кафедрасы  ашылды. 2010 жылы Мәскеу  инженер-физика  институтында  Құдай ана Смоленск  иконасы  құрметіне  ғибадатхана  ашылды.Оқу орны аумағында  православ  айқышы орнатылған.2012 жылы Мәскеу  инженер-физика  институтында  (ядорлық  ұлттық зерттеу  университеті)  теология  кафедрасы  ашылды. Ресейде  мектептерге  православ  мәдениеті негіздерін міндетті пән ретінде  енгізу  туралы жиі  айтылуда.Ресей білім беру  жүйесінің  клерикализациялануы  болашақта  қоғамның клерикализациялануы  алып  келуі мүмкін деген пікірлер бар.2012 жылдың соңында РФ  білім туралы заңында діни ұйымдар және мемлекеттік мектептер әріптестігі туралы  бап бар. Кафедра  оқытушылары «христиандық  ой тарихы»  пәнің  жүргізеді.2015 жылы жоғары аттестациялық комиссия  шешімімен  теология  мамандығы  ғылыми мамандық  ретінде  мойындалды.РФ ЖАК  шешімі  ғылыми  қоғамдастық арасында  түрлі пікірлер тудырды.Зиялы  қауымдастық бұл  қоғамның  клерикализациялануына жасалған қадам және  шіркеудің зайырлы  институттарға  шабуылы  деп  қабылдады.2017жылы заманауи ресей   тарихында алғашқы  теология  ғылымының  кандидаты ғылыми дәрежесі  берілді.Жалпы  шіркеулік кандидаттық кеңесте  кандидаттық  диссертациялар,ал  жалпы шіркеулік  докторлық  кеңесте  докторлық диссертациялар  қорғалады.2017  жылы  Мәскеу  патриархаты  канондық жауапкершілік аумағындағы  елдердің (Беларусь,Украина,Қазақстан,Қырғызстан,Өзбекстан, Латвия) діни  оқу  орындарына  арналған бірыңғай  білім  беру  кеңістігін  қалыптастыру  алғышарттары және  оқыту әдістемесі туралы конференция  ұйымдастырды.Ресейдің 37 мемлекеттік  және  10 мемлекеттік  емес оқу  орындарының теологтар дайындауға лицензиясы  бар. 2010 жылдан Ресей мектептерінде діни мәдениет негіздері пәндерін оқыту апробациядан өтті.2012  1 қыркүйектен бастап жалпы мектептерде діни мәдениет негіздері пәндеріне жылына 34 сағат бөлінген.Бұл бағдарламада православ мәдениетінің орыс тарихы мен  рухани өміріндегі орны  мен рөлі айқындалған. Ресейде мемлекеттің  зайырлы  сипаты  мен  зайырлы негіздегі  білім  беру жүйесін  сақтау мақсатында білім беру ұйымдарында діни  рәміздер  мен  діни  киім  үлгісіне рұқсат  берілмейді. Н.И. Пирогов атындағы Ресей Ұлттық зерттеу медицина университеті ректорының бұйрығымен 2014 жылы   діни киім киюге тыйым салынды. И.М. Сеченов атындағы МММУ білім туралы заңға сүйене  отырып, ЖОО аумағында діни ғибадат және діни қызметке тыйым салған. 2018 жылы наурыз айында болған жоғары шіркеу кеңесінде патриарх Кирилл дін қызметкерлерін жоғары оқу орындарында белсенді қызмет жасауға шақырды. Студенттермен жұмыс жасайтын жоғары зайырлы білімі бар православ дін қызметкерлері іріктелінетін болды.ОПШ ұстанымы бойынша университеттік дін қызметкері христиандық пен ғылымның тарихи байланысың көрсетеді.

 

 Соңғы жылдары  Ресейде  діни  институттардың  қоғамдық  өмірдегі  орны  мен рөлі өсуде.Саяси  қайраткерлер мен дін  қызметкерлерінің кино және театр өнері  туындыларын  сынға алуы жиі  көрініс  беруде. Новосибир және  Берд митрополиті  П. Чайковскийдің «Щелкунчик» балетін оккульттік қойылым деп сынады. 2015 ж. аталмыш  митрополит Рихард Вагнердің «Тангейзер» операсы Новосибирь опера және балет театрына қойылымы үшін прокуратураға шағымданған болатын. «Тангейзер» операсы діндарлардың сезімі қорлады деп айыпталды.Көрсетілімі 2016 жылы  26 қазанға бекітілген  «Матильда» көркем фильмін ОПШ Кубан митрополиясы діндарлар үшін зиянды деп тапты. Сретен монастырының басшысы,мәдениет бойынша Патриарх кеңесінің басшысы епископ Тихон Егорьевский «Матильда» көркем фильмі тарихи шындыққа сәйкес келмейді деп сынады,бірақ  ОПШ фильмге  тыйым салуға  ниетті емес  деген  болатын. Фильм төңірегіндегі шуды «Царский крест» қоғамдық қозғалысы да көтерді. «Царский крест» қоғамдық қозғалысының белсенділері   православ  діндарларды  әр  жексенбілік  құлшылықта «Матильда» фильміне  тыйым  салу үшін дұға  жасауға  шақырды.РФ  әділет  министрлігінде  тіркелмеген «Қасиетті  Русь-христиандық  мемлекеті»  ұйымы  бұл  фильмге  қатысты  қарсылық  көрсетті. «Қасиеті  Русь-христиандық мемлекеті» ұйымы кинотеатр директорларына « Матильда» фильмінің прокатынан  бас  тартуға  шақырған  талаптар  қойды. «Сорок  сороков»  қозғалысы  да фильмге  қарсылығын көрсетті.Фильмде  II  Николай  мен  балерина  Матильда  Кшесинская  арасындағы қарым- қатынас  баяндалады.Ресейдің  соңғы  патшасы II  Николайды  1981  жылы шет  елдегі ОПШ,ал 2000 жылы ОПШ әулиелер қатарына қосқан  болатын.Ресей кино сарапшылары  және  құқық  қорғау  саласының  мамандары аталмыш  фильмнен  діндарлар сезімін қорлайтын көрініс тапқан  жоқ.Фильм төңірегіндегі  дау-дамай  ресей  қоғамында діни сананың  өскендігін анық  байқатады.Кино  және өнер,әдебиет  туындыларына діни негізде цензура  қою  әрекеттері  постсекулярлы әлемдегі  десекуляризация көрінісі  болып табылады.2017 жылы  Екатеринбург  ғибадатханасында  покемон іздеуші  блогер  РФ  ҚК148  және 282(«діндарлардың  сезімін қорлау» )баптары  бойынша айыпталып үш  жылға шартты  түрде  сотталды. «Православ  заң  орталығы» қоғамдық  ұйымы атеисттер мен  блогерлерді дінге  сыни көзқарастары  үшін  қудалайды. 2011 жылы  қабылданған  «Шіркеуге  қатысты  қорлау  және  жала  жабу»  құжатына сәйкес шіркеу  мен  дін  қызметкерлерін әжуалау  және  қалжыңдау,жалған  ақпарат  тарату  жала ретінде қарастырлады.2012 жылы ақпанда  Мәскеу  қаласында Құтқарушы Христос шіркеуінде феминистік «Pussy  Riot» тобы панк-дұға акциясын өткізген болатын.Топтың  екі мүшесі діндарлардың сезімін  қорлады деп  айыпталып түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.Осы оқиғадан  кейін РФ қылмыстық кодексіне діндарлар сезімін қорлау бабы енгізілді және 2013 жылы маусымда Ресейде «Діндарлардың діни сезімін қорғау туралы» федеральды заң қабылданды.

Ресейде орыс  православ  шіркеуінің  негізгі қоғамдық  ұйымы-Дүниежүзілік  орыс халық  соборы  жұмыс  жасайды.

2012 жылы құрылған «Божья воля» православтық қоғамдық қозғалысы Ресей қоғамдық-саяси өмірінде православтық құндылықтарды тарату және қорғау мақсатын көздейді.Бұл қозғалыс сектанттық ұстаным мен оккультизмге,сатанизмге қарсы күреседі.Қозғалыстың белсенді мүшелерінің орта жасы 20-30 құрайды. Сонымен  қатар,ресейде түрлі  оккультік-магиялық және  пұтқа табынушылық  діни  қауымдар бар.Ресейде көне славяндардың табиғи  сенімін қайта жаңғыртуды  көздейтін ата-баба культі  «Славия» қауымы  жұмыс  жасайды. Челябі  облысында духовно-родовой  держава  русь  діни  қауымы род және лада  славян құдайларына  ғибадат жасап, Ё әрпін қастерлейді.Қауымның ілімі  бойынша Ё әрпі ғарыш  пен ғаламның тылсым  сырымен қатынас жасау  арнасы болып табылады. 2014  жылы псевдоправославиялық бог-Кузя (басшысы А.Попов) деструктивтік  сектасы үстінен  қылмыстық  іс қозғалды.Қаржылық пирамида үлгісінде құрылған секта Мәскеу қаласында  1990-2000 жылдары  әрекет  жасаған.2017 жылы желтоқсанда А.Поповқа  қатысты  сот  процесі басталды.

2017 жылы сәуірде РФ жоғары сотының шешімімен Иегова  куәгерлерінің  395 бөлімшелерінің қызметіне  тыйым салды Иегова  куәгерлері  экстремизм туралы заңды  бұзды деп айыпталып,РФ  әділет министрлігі Иегова  куәгерлерінің  бас ұйымын  экстремистік ұйымдар тізіміне енгізді. Иегова  куәгерлерінің  мүліктері  мемлекет  пайдасына тәркіленді.

Ресей федеральды медиа кеңістігінде ОПШ  белсенді  жұмыс жүргізуде. ОПШ жетекшілерінің әлеуметтік желілерде парақшалары бар. Қазіргі кезде Ресейде православтық ғаламтор желісі «Елицы» жұмыс жасайды . Ресейде православтық «Союз», «Спас», «Радонеж», «Радость моя»  телеарналары мен «Музсоюз»  православиялық музыкалық телеараналары жұмыс жасауда.Сонымен бірге,православтық ақпараттық- аналитикалық «Царьград» телеканалы ашылды.«Вера» радиосы жұмыс істейді. ОПШ қаржы-шаруашылық қызметі туралы айтар болсақ,ОПШ Мәскеу  патриархаты «Пересвет»  банкі  акциясының  49 %  ие.2016 қазанда Ресей  Орталық банкі  Пересвет банкісін уақытша басқаруды қолға алды.Банк жұмысын сауықтыру іс-шарасына 70 кредитор  қатыспақшы.Атап  айтсақ,Россельхозбанк, Совкомбанк, «Открытие» банкі, Связь-банк, Бинбанк  және «Зенит» банкі  және «Интер РАО» мен  «Русгидро компаниясы»қатысуға ниетті. Соңғы жылдары Ресей билігі православтық діни құндылықтар мен ескерткіштерге ерекше мән бере бастады.

ОПШ және билік орындарының қолдауымен Мария Ана белбеуі,Көріпкелдер сыйы,Жеңімпаз Георгий діни жәдігерлері Грекиядағы Афон монастырынан Ресейдің ірі қалалары мен ТМД бірқатар елдеріне жеткізілді. 2017 жылы мамырда  Мәскеуге  италияның  Бари  қаласынан әулие Николай Мирликийский киелі заты  жеткізілді.Бұл  киелі затқа  миллионнан  аса  адам  зиарат  жасаған.Қоғамның рухани өмірінде діни мәдениет пен  дәстүрге мемлекет  тарапынан қолдау  көрсетілуі нақты байқалады.1992  жылдан  Құддыстан  (Иерусалим)  қасиетті отты алып  келу  дәстүрі  жүйелі түрде жүргізіледі. Қасиетті отты  жеткізуді Андрей  Первозванный  қоры  ұйымдастырады.Жаһандану  үдерісіндегі халықаралық  қатынастар жүйесінде  діни дипломатияның рөлі өсуде. Алпауыт  елдердің сыртқы  саясатында және  халықаралық  қатынастарда  діндер  мен  дін  қайраткерлерінің өзіндік  орны бар.

 1993  жылы Грекияның      Халкидики   қаласында Православия  парламентаралық Ассамблеясы  құрылды.Ұйымның жоғары  органы  Бас   Ассамблея.Ұйым  мүшелері-Албания, Армения, Белоруссия, Болгария, Босния және Герцеговина, Грекия, Грузия, Қазақстан, Кипр, Иордания, Конго, Латвия, Ливан, Литва, Молдавия, Мозамбик, Палестина, Польша, Россия, Румыния, Сербия, Сирия, Судан, Украина, Хорватия, Черногория, Эстония, ал Австралия, Аргентина, Уганда, Эфиопия, Чили, АҚШ  және Канада  бақылаушы елдер  қатарында. Ұйым жұмысының  бағыты-православиялық  мәдени мұраны дамыту жолында саяси,діни  және  ғылым  қайраткерлерінің байланысына септігін  тигізу және шығыс еуропаны  біріктіруші рухани  күш православиялық  мәдениеті қолдау.

 XXI ғасырда ОПШ тарихындағы маңызды оқиға саяси –әлеуметтік себептер  салдарынан құрылған Шет елдегі ОПШ және Мәскеу патриархаты арасында канондық келісімге келуі. 2007 жылы мамыр айында Мәскеудегі Құтқарушы Христос шіркеуінде Мәскеу патриархы ІІ Алексий және шет елдегі ОПШ басшысы митрополит Лавр канондық қатынас актісіне қол қойды. Шет елдегі  ОПШ өзін-өзі  басқару құқығына ие  МП  ОПШ бағынышты  құрылым.Посткеңестік елдер кеңістігіндегі ОПШ қызметін саралайтын болсақ. ОПШ 1990 жылы қаңтарда ОПШ Архиерей Соборы Украин және Белорус экзархаттарына кең автономия беруге шешім қабылдады. Украина ПШ және Белорус ПШ атауына ие болуға,жеке  Жарғы  жасауға  және Синод құруға , өз аумақтарындағы епархияларға сот ісі, заң шығару, атқару биліктеріне өкілдіктер берілді. 1991  жылы  Украина  тәуелсіздігін  жариялаған  соң ,тәуелсіз  елге дербес  шіркеу  қағидасын ұсынған митрополит Филареттің  бастамасына украина билігі қолдау көрсетті.1992-1993  жылдары әлемдік  православия  тарапынан мойындалмаған Киев  патриархатының  украин  православ  шіркеуі  құрылды.

2009  Мәскеу  және Ресей  патриархы болып Смоленск  және Калининград митрополиті( Гундяев В .М.) Кирилл сайланды.Оның  басшылығымен  Мәскеу патриархаты  сыртқы  шіркеулік және халықаралық қатынастарға  мән  бере  бастады. ОПШ басшысының ірі әлеуметтік желіде ресми аккаунттары бар. ОПШ басшысы дінбасылары мен шіркеу  қызметкерлерін коммуникацияның заманауи әдістерін белсенді игеруге  шақыруда. 2017 жылы Санкт-Петербургте өткен  Парламентаралық  одақтың 137 Ассамблеясында  Мәскеу және  Бүкіл  Ресей  патриархы Кирилл «Ресейдің дәстүрлі діндері –православия,ислам ,иудаизм  және  буддизм   өкілдерін біріктіруші  Ресейдің дінаралық  кеңесі  қоғам және  мемлекеттің  үйлесімді дамуының ортақ  адамгершілік негізін ұстанады.Біз  бауырмалдық ынтымақтастық  жолын  ұстанамыз»-  деп қоғам  үшін түсіністік пен  әріптестіктің маңызын атап  көрсетті[5].

Жаһандану жағдайында  ОПШ сыртқы  шіркеулік  байланыс  және  халықаралық  қатынасқа  ден  қоя бастады.Орыс әлемі  идеясының негізгі  тұғыры  тіл,дін және сырттағы  діндестер  тағдыры  шіркеудің назарында.2011  жылы  орта  азия  митрополиялық округы  құрылды. Ресейдің қоғамдық-саяси және мәдени кеңістігінде 1997 жылы Ресей православ азаматтар одағы ,2009 жылы Ресейде  православ әйелдер одағы құрылды.2015 жылы қаңтарда Бүкіл Ресей және Мәскеу патриархы Кирилл мемлекеттік думада сөз сөйледі. 2016 жылы  ақпанда  патриарх Кирилл Антарктида  Беллинсгаузен станциясындағы ғибадатханада  құлшылық  рәсімін жүргізді.2017 жылы  мамырда  Қырғызстанға ресми  сапармен  барды,ал  қыркүйекте  ресми  сапармен Өзбекстанда   болып,Ташкент епархиясының  145  жылдығына  арналған  іс-шараға  қатысты.Ол  аймақтағы мұсылмандар  мен  православтар  арасындағы  достық  пен  түсіністіктің  беріктігін  атап  көрсетті. ОПШ өзінің  канондық жауапкершілік  аумағында дәстүрлі діни  сана  мен  православтық  мәдениетті сақтауға  көңіл қоюда.

2016 жылы ақпанда Гавана қаласында Мәскеу және Бүкіл Ресей патриархы Кирилл және Рим папасы Франциск арасында мың жылдан кейінгі тарихи кездесуі екі шіркеу басшыларының латын Америкасына жасаған пастырлық сапарына тұспа-тұс келді. Қазіргі христиандық мәдениетті ұстанатын елдер ортақ христиандық құндылықтар негізінде бірігуге назар  аудара бастады. Батыс әлемінің саяси және діни қайраткерлері христиан мәдениетінің тарихи түп-тамыры мен құндылықтары осы сенімді ұстанатын әлем халықтары үшін ортақ рухани мұра екендігін алға тартуда. 2016  жылы  Грекияда  өткен  Бүкіл  православтық  Соборға  орыс православ шіркеуі,грузин  православ  шіркеу,антиохия(Сирия) православ  шіркеуі,болгария православ  шіркеуі  қатыспады. Заманауи православияда Константинополь патриархы бірінші болу тезисін( Primus inter pares) ұстануға ұмтылуда.Осы  ұстанымның нәтижесінде  барлық  православтық  шіркеулердің  толық  қатысуымен собор  өтпеуде. 2017  жылы  қантарда ОПШ өкілдері  Парижде өткен V православ-католик  форумына қатысып  таяу  шығыстағы  терроризм  мәселесін  талқылады.2017 жылы  мамырда Вашингтонда  136  елден  600  делегат қатысқан  дүниежүзілік  Саммитте қазіргі  таңда  қуғындауға  ұшыраған  христиандарды  қорғаудың  жолдары  қаралды.2017  жылы  қарашада ОПШ  басшысы  англикан шіркеуінің  басшысы  Кентерберий епископы Джастин  Уэлбимен кездесуінде әулие Андрей ғибадатханасын  англикан  шіркеуіне  49 жылға пайдалануға беруге келісті.

Заманауи Ресейде  мемлекет пен дін қатынасы зайырлы  негізде жүзеге  асуда.Ресейде діндарлық пен діни құндылықтар моральдық  қағиданы  сақтау  және дәстүрге  деген  құштарлықты  көрсетеді. «Бүгінгі ресейде патриарх пен  президент,жоғары шіркеулік  билік  пен  тиісті  министрліктер  арасында сұқбат  орынққан.Тікелей сұқбат  нәтижесінде  шіркеу  ел мен халық өміріндегі  өзекті  мәселелерге қатысты өз түсінігін қалыптастыра  отырып, қоғамдық мораль,әлеуметтік  өмір,экологиялық  мәселелер,ішкі және сыртқы саясат  мәселелерінің адамгершілік өлшемі  сынды тақырыптарға  назар аударады» [6] Ресей қоғамдық-саяси  өміріндегі шіркеудің қызметі қоғам мен  мемлекет мүддесіне, діннің тұрақтылық пен  келісім мұратына бағытталатындығы ,сондай-ақ,орыс әлемі  идеясының рухани тұғыры және халықты ұйыстырушы мақсаттарында  қолданылатыны байқалады. Православ  дін  қызметкерлері  ғарыш кемелері  мен әскери техникаларды аластау  және  маңызды  мемлекеттік  іс-шараларға  бата беруді  дәстүрлі  түрде  жүргізеді.Ресейде  шіркеулік  сананың  модернизациялануы  және  шіркеудің заманауи  қоғамдық-саяси  өмірге белсеңе қатысуы  мемлекет-дін қатынасының  жаңа  моделінің қалыптасуын  көрсетеді.

Әдебиеттер

  1. ru.2.12.2017.
  2. ru.2.12.2017.
  3. ru. 30.11.2017.
  4. Patriarchia.ru.1.12.2017.
  5. https://nefeparhia.ru/news/svyatejshij-patriarkh-kirill/item/5413
  6. Patriarchia.ru.1.12.2017.

 

Бағдат Бейсенов

Филос.ғ.д.

ҚазҰУ  доценті

Связанные Статьи